Бородулиха ауданындағы барлық мектептерде алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы ресми түрде басталды. Мектеп алаңдары әдеттегідей сән-салтанатқа толып, оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар көптен күткен мерекелік сәттің куәсі болды.
Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Сапоров «Әлихан Бөкейхан» атындағы қазақ орта мектебінде өткен салтанатты жиынға қатысып, жиналғандарды мерекемен құттықтады.
– «Білім күні – әрбір отбасы үшін ерекше мереке. Ұстаздарға шабыт пен табыс, оқушыларға сенім, биік белестер мен жарқын жеңістер тілеймін. Жаңа оқу жылы үлкен жетістіктер мен қуанышты сәттерге толы болсын», – деді ол.
Жиын барысында алғашқы қоңырау сыңғыры бірінші сынып оқушылары үшін білімге бастар жаңа сапардың белгісіне айналды. Балдырғандар өлең оқып, ән шырқап, мерекеге ерекше сән берді. Жаңа оқу жылы Бородулиха ауданындағы барлық мектепте осылайша қуанышты көңіл-күймен басталды.
Бородулиха ауданының
білім бөлімі