Алаяқтық – адамды алдау немесе сенімін теріс пайдаланып, мүліктік пайда табуға бағытталған қылмыс. Ол тек материалдық шығынға ғана емес, моральдық тұрғыдан да ауыр соққы әкеледі.
Бүгінде алаяқтар әрекеттерін түрлі тәсілдермен кәсіби деңгейге жеткізген. Олар өзін әлеуметтік көмек көрсетуші, жалған банк қызметкері ретінде таныстырып, телефон қоңыраулары арқылы алдайды, интернет-дүкендер мен жалған сауда-саттық платформаларын пайдаланады.
Мұндай жағдайлар – жеңіл табысқа жету немесе оңай баю туралы әлеуметтік желілерде тараған ұрандардың шырмауы. Алданушылардың бір бөлігі – өзгеге сенгіштігінен, енді бірі – үмітін үзбегендіктен, сондай-ақ құқықтық сауаттылықтың төмендігінен зардап шегіп отыр. Азаматтардың басым бөлігі өз деректерін қалай қорғау керектігін білмейді.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа әкелетін себептердің бірі – отбасындағы бақылаудың әлсіздігі, ортаның теріс ықпалы, бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы және рухани құндылықтардың әлсіреуі. Сондықтан қоғам болып жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістерге бейжай қарамауымыз қажет. Мұғалімдер мен ата-аналар балаға қорған бола білуі тиіс.
Алаяқтар адамның ішкі әлсіздігін, уайымын, сенгіштігін және бір сәттік олжаға деген құмарлығын тиімді пайдаланады. Қазіргі таңда алаяқтық тек әлеуметтік желілерде ғана емес, банктік операциялар, жалған инвестициялық жобалар мен қайырымдылық науқандары арқылы да жүзеге асуда.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес, алаяқтық – бөтеннің мүлкін алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы иелену ретінде қарастырылады. Егер ол ірі мөлшерде немесе бірнеше рет қайталанса, ауыр қылмыс санатына жатады және 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Мәселен, 2025 жылы Бородулиха аудандық соты ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі бойынша К. есімді азаматты кінәлі деп танып, оған 3 жылға пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар жәбірленушінің азаматтық талабы қанағаттандырылып, келтірілген материалдық шығын толығымен өтелді.
Сондықтан жастарға әділдік пен адалдықты, еңбекқорлықты басты құндылық етіп сіңіру, құқықтық сауаттылықты мектепке дейінгі тәрбие ошақтарынан бастап үйрету – бүгінгі басты міндетіміз. Өйткені елдің ертеңі осы парызды қалай атқаратынымызға тікелей байланысты.
А. НАИНОВА,
Бородулиха аудандық сотының
бас маманы