Әлихан Бөкейхан университетінде «Тарихтың «ақтаңдақтары», қоғамның теріс тұстары және өркендеудің жаңа нүктелері» тақырыбында Абай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының отырысы өтті.
Отырысқа Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев, «Қоғамдық келісім орталығы – облыстық Достық үйі» КММ директоры Надежда Шарова, Абай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы, Әлихан Бөкейхан университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Айрат Базенов, Абай облысы мемлекеттік архивінің ғылыми-анықтамалық аппарат және құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы Лаура Қадырова және Абай облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері мен студенттер қатысты.
— «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың туыстары да зардап шекті. Қазақстанда АЛЖИР, Карлаг, Степлаг арнайы лагерьлері құрылды. Ең ірі лагерь – АЛЖИР, бұл жерде «Отанына опаздық жасағандардың» әйелдері қамалды. Бұл азап орталығында 20 мыңға жуық нәзік жанды жапа шекті. Ал Қарлаг Қарағанды облысындағы ГУЛАГ-тың ірі еңбекпен түзету лагерьлерінің бірі болды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан аумағында құрылған лагерьлерге 5 млн-нан астам адам жіберілді. Ресми деректерде 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері жер аударылғаны айтылады. Сондай-ақ қазақ жеріне күшпен Қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен өзге де ұлт өкілдері көшірілді. 1993 жылдың 14 сәуірінде елімізде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. Құрметті отырысқа қатысушылар, өткенге тағзым жасау, еліміздің болашағы мен тарихына құрметпен қарау — баршаға міндет. Қазақ тарихындағы бұл қасіретке бейжай қарау, санамыздан өшіру елдігімізге сын болары сөзсіз,- деді Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев.
Ұлт зиялылары қуғындалып, тарихи тұлғаларымызды туған жерінен кетуге мәжбүр еткен сол бір зұлмат жылдар — Қазақстан тарихындағы қайғылы беттердің бірі. Осы бір кезең бұрынғы Семей, қазіргі Абай облысы халқын да айналып өткен жоқ. Семей өңірі — Алаштың тарихи астанасы. Бұл өлкеде көптеген ұлт зиялылары, Алаштың арыстары өмір сүріп, ел ішіндегі қоғамдық-саяси оқиғаларға белсене араласқан. Құрылғанына аз ғана уақыт болса да саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісінде облыс көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылып, деректі құжаттар оқырман қауымның назарына ұсынылды.
Жиын барысында Абай облысы мемлекеттік архивінің ғылыми-анықтамалық аппарат және құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы Лаура Қадырова «Абай облысындағы кеңестік қуғын-сүргін зобалаңы» тақырыбында архив деректері бойынша баяндама жасады.
— 2021 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үдерісін бастау, жаңғырту туралы шешімі қабылданды. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ақталмаған санаттарын анықтау жөніндегі міндеттерді орындау шеңберінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Осыған орай Абай облысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері Абай облысының мемлекеттік архиві қорындағы аса құнды, құпия құжаттардың бетін ашты. Комиссия мүшелері құжаттарды сараптай келе түрлі тақырыпта сыр шертетін бұрын жарияланбаған деректі құжаттарды жарыққа шығарды. Мысалы, кулактардың, жартылай феодалдардың мүлкін тәркілеуге қатысты нормативтік-құқықтық актілер; Семей қаласындағы «Алаш» қозғалысы; Кеңес өкіметіне қарсы көтерілістер; кеңестік билік органдары мен соттың репрессиялық әрекеттеріне шағымдар; Қазақстанға халықтар мен арнайы қоныстанушыларды күштеп депортациялау сынды тақырыптарды қамтитын құжаттар сан алуан. Менің зерттеуімдегі жазықсыз жапа шеккен халықтың назын білдірген шағым хаттары ешкімді бейжай қалдырмауы тиіс. Семей облыстық прокуратура қорынан осындай 178 құжат табылды. Бұл құжаттар — репрессиялық органдардың жұмыс тәсілдерін көрсететін ең құнды дәлелдер, олардың айыптаулары көбінесе нақты негізге ие болмады,- деген Лаура Қабылғазықызы мұрағаттан табылған осындай бірнеше құжатпен таныстырып өтті.
Отырыс барысында Абай облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының өзге де мүшелері баяндама оқыды.
Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ