Абай облысының Бородулиха ауданында өндірістік әлеуетті күшейтетін маңызды қадам жасалды – Новопокровка ауылында заманауи кірпіш зауыты іске қосылды. Жаңа кәсіпорынның тұсаукесеріне облыс әкімі Берік Уәли қатысып, жобаның өңір экономикасы үшін маңызын атап өтті.
Құны 2 миллиард теңгеге бағаланған зауыттың қуаттылығы жылына 6 миллион дана керамикалық кірпіш шығаруға мүмкіндік береді. Бұл – облыстағы құрылыс индустриясының сұранысын айтарлықтай төмендететін, импортты алмастыратын елеулі көрсеткіш.
Аймақ басшысының айтуынша, жаңа өндіріс орны Мемлекет басшысының инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру туралы тапсырмаларын жүзеге асырудың нақты нәтижесі.
– «Өңірдің өндірістік картасы жаңа нысанмен толықты. Президент Жолдауында айтылған реформалардың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы әртараптандыру. Бұл зауыт – сол міндеттердің орындалып жатқанын дәлелдейтін жобалардың бірі. Жылына алты миллион кірпіш – бұл облысқа да, ауданға да зор мүмкіндік. Семей қаласында жаңа ықшам аудандардың құрылысы басталды. Жергілікті өнім қолданылған сайын құрылыс қарқыны да артады. Сондықтан бұл өндіріс аймақ үшін стратегиялық нысан болып отыр», – деді аймақ басшысы.
Зауыт қазіргі таңда 65 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жақын арада тағы 50-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл Бородулиха ауданының еңбек нарығына айтарлықтай қолдау болмақ.
«Шыңғыс Тас» ЖШС-нің басшысы Қайырлы Хасенов зауыт жұмысының ерекшеліктерін таныстырып, кәсіпорынның барлық технологиялық желісі толық автоматтандырылғанын, ал шығарылатын өнімнің беріктігі мен аязға төзімділігі ұлттық стандарттарға толық сай екенін атап өтті.
— «Өндіріс циклы шикізатты өндіруден бастап, қалыптау, кептіру және жоғары температурада күйдіруге дейінгі барлық процесті қамтиды. Құрылыс индустриясындағы бірнеше компаниямен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Көп қабатты тұрғын үйлер мен мәдени нысандарды салатын кәсіпорындар біздің өнімге қызығушылық танытуда. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысынан да сұраныс келіп түсіп отыр», – деді кәсіпкер.
Жоба 2024 жылдың сәуірінде басталып, 2025 жылдың қазан айында толық аяқталды. Осы аралықта құрылыс-монтаждау, іске қосу және жабдықтарды тестілеу кезеңдерінің барлығы ойдағыдай орындалды.
Облыс биыл жалпы көлемі 7,3 млрд теңге болатын алты инвестициялық жобаны іске асырып, нәтижесінде 100-ден астам адамды жұмыспен қамтыды. Жыл соңына дейін тағы 18,6 млрд теңгенің сегіз жобасы жүзеге асырылып, 271 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Өз тілшіміз

