Аудан әкімі Айдар Ибраевтың төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Кеңеске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, мекемелер мен ұйымдардың өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші сауал, ауданның алғашқы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және бюджет қаражатын игеру мәселелері бойынша аудан әкімінің орынбасары Е.Селиханов баяндады.
— Биылғы жылдың алғашқы он айының қорытындысы бойынша аудан бюджетінің шығыс бөлігі 94,8 пайызға орындалды. Аудан бойынша игерілмеген бюджет қаражаты 219,2 млн. теңгені құрады,- деген Е.Селиханов бөлінген қаражының игерілмеу себебіне тоқталды.
Келесі тұмау мен ЖРВИ-ға қарсы маусымдық екпе алу мәселесі жайлы Бородулиха аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Марат Қосамбеков ақпараттандырды. Бас дәрігердің айтуынша, аурудың алдын алудың басты жолы – екпе алу. 1 қыркүйекке дейін тұмауға қарсы екпе алуға жататын санаттағы тұрғындардың тізімі жасалып, егу кабинеттері жабдықталыпты. Аудандық қоймаға қыркүйек айында келіп түскен 1500 доза және қазан айында жеткізілген 1540 дозамен тұрғындар вакцинацияланған. Тұмаудың, жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында науқастар арасында, аудан тұрғындарымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуле.
Сонымен қоса, кеңес отырысында жұмыспен қамту, рұқсатсыз төгілген қоқыс орындарын жою мәселелері талқыланды. Аудан әкімі Айдар Ибраев жауапты мамандарға тапсырма беріп, жиынды қорытындылады.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»