Бородулиха ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және екі айлық абаттандыру науқаны аясында аумақтарды көріктендіру, санитарлық тазарту және көгалдандыру бойынша кешенді жұмыстар қарқынды түрде жалғасып жатыр.
Атап айтсақ, әрбір жұма сайын аудан аумағында кең көлемде ауқымды сенбіліктер өтуде. Оған бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері, шаруа қожалықтарының басшылары белсене қатысуда. Ал сенбі күндері өткізілетін аулаларды тазалау жұмыстарына аудан тұрғындары да атсалысуда.
Екі айлық сенбілік жұмыстары басталғалы бері аталған іс-шараларға жалпы саны 3 314 адам қатысып, 96 техника жұмылдырылды. Барлығы 3 788 аула, соның ішінде жеке тұрғын үйлер мен көпқабатты үйлер аумақтары тазартылып, 410 тонна тұрмыстық қалдық шығарылыпты. Ерекше көңіл бөлінген аумақтар қатарына саябақтар мен аллеялар, әлеуметтік нысандар, тарихи-мәдени орындар мен 381 бизнес және өндіріс нысандарының маңы сынды қоғамдық орындар жатады.
Сонымен қатар, облыстық табиғи ресурстар басқармасымен бірлесіп жүргізілген тексеріс нәтижесінде анықталған барлық рұқсатсыз қоқыс үйінділері жойылды. Бұл жұмыстар бойынша фотоматериалдар Абай облысы әкімі аппаратына жолданды.
Мұнымен қоса, халық арасында түсіндіру жұмыстары да кең көлемде жүргізілуде. Жергілікті полиция қызметкерлері сәуір айынан бері санитарлық нормаларды бұзғаны үшін 73 ескерту хаттама толтырыпты. Ал, биылғы жылдың басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы («Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау») бойынша 36 адамға айыппұл салынып, 505-бап («Абаттандыру ережелерін бұзу») бойынша 103 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.
Биылғы жылы көгалдандыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылға арналған өңірлік жоспар аясында 7 000 ағаш пен бұта отырғызу көзделген болатын. Қазіргі таңда 2 517 көшет отырғызылды. Осы айдың соңына дейін жұмыс жүргізуде. Әсіресе, аудан орталығын көгалдандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Бұл шаралардың барлығы — ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі саналады. Аудан әкімі Айдар Ибраев атап өткендей, абаттандыру жұмыстары оның тікелей бақылауында және бұл іс-шаралар жергілікті халықпен әрі ұйымдармен, мекемелермен тығыз байланыста жалғаса беретін болады.
Өз тілшіміз