Бүгінде ойнап жүріп от басқан жастар көп. Жеңіл жолмен ақша тауып, тез байып кеткісі келетіндер соңында сан соғып жатады. Букмекерлік кеңселер мен тотали-заторлардың торына түскен азаматтардың саны да адам шошырлық. Адал еңбек етіп, бейнетінің зейнетін көрудің орнына ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп қалта қампайтқысы келетіндер өз өмірлеріне балта шабуда.
Соңғы уақытта лудомания, құмар ойындарға қатысты жағымсыз оқиғалар көбейіп кеткені рас. Мәселен, еліміздегі ажырасулардың 40 пайызына лудомания тікелей себепші болады екен. Себебі Қазақстанда әрбір бесінші адам – құмар ойынның құрбаны.
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудоманияға қатысты заң жобасына қол қойды. Бұл – Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру аясында қабылданған бесінші заң.
Мемлекет басшысы Атырауда сөйлеген сөзінде лудоманияны әлеуметтік кеселдің бірі деп атап, тиісті нормативтік құжатты Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін қабылдауды тапсырған еді.
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 400 мыңнан астам лудоман бар екен. Құмар ойындар 400 мыңнан астам отбасының ғана емес, мемлекеттің де басты әлеуметтік дертіне айналды. «Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады»,- деген еді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында сөйлеген сөзінде.
Аталған заң жобасы түрлі пікірталас алаңында талқыланып, оған депутаттар, Ұлттық құрылтайдың және Жастар жөніндегі кеңестің мүшелері қатысты. Ал мамыр айында Қазақстан Республикасындағы заңсыз ойын және ойынға тәуелділікпен күресудің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары да қабылданды. Оны жүзеге асыруға бюджеттен 80 млн теңге бөлінбек.
Президент қабылдаған жаңа заңнан кейін бәс тігетіндердің қатары азаймақ. Себебі бұдан былай борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енген адамдар құмар ойын ойнай алмайды. Бұл шара букмекерлік кеңселердің әлеуетті клиенттерінің санын азайтуға бағытталып отыр. Ал оларды құмар ойындар мен бәс тігуге тартқаны және жібергені үшін заңды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
Екіншіден, мемлекеттік қызметте, құқық қорғау органдарында істейтіндердің бәс тігуіне тыйым салынды. Бұл жалпы саны 280 мың адамды құрайтын әскери қызметшілерді, мемлекеттік органдардың қызметкерлерін, бюджеттік ұйымдардың басшыларын қамтиды.
Үшіншіден, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Букмекер кеңселерінің жарнамасы таратылған жағдайда 60 АЕК және одан жоғары айыппұл қарастырылған. Тек спортқа байланысты іс-шаралар мен медиада ғана жарнамалауға рұқсат берілді.
Тағы бір маңызды қадам – Қазақстан аумағында онлайн казиноларға тыйым салынды. Бұл талапты бұзған адам екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Туризм және спорт министрлігіне бүкіл лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың тізімін жүргізетін өкілет берілді. Ал банктер мен төлем ұйымдарына онлайн казинолардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салынды.
— Құмар ойындарға қатысты жаңа заң бүкіл қоғамның сұранысы болды. Осылайша, жаңа заң арқылы мемлекет аталған әлеуметтік кеселге тосқауыл қойып отыр. Осы күнге дейін құмар ойынның соңына түсіп, байып кеткендерді көрген емеспіз. Керісінше, қалталары қағылып, ажырасып, денсаулықтан айырылып, соңында дымсыз қалып жатады. Ажырасу, суицид, қарызға бату секілді мәселелердің алдында осы лудомания тұр. Өздеріңізге белгілі, Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы жастардың ерекше тәуекел тобына жататынына баса назар аударып, лудоманияны басты әлеуметтік мәселелердің бірі деп атады. Бұл тәуелділік өскелең ұрпаққа орасан зор зиян келтіреді. Парламент депутаттарының ұсынысымен қабылданған бұл құжатта құмар ойындарын ойнауға рұқсат берілген адамдардың санын азайтуды көздейтін жүйелі іс-шаралар қарастырылған. Құжатта көзделген негізгі жаңалықтың бірі – Борышкерлердің бірыңғай тізіміндегі азаматтарға қатысты шектеу шараларының енгізілуі. Бұл 3,5 миллионнан астам адамды қамтиды. Сонымен қатар Президент мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеу қою бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл шектеулердің барлығы еліміздегі құмар ойынға әуес адамдар санын азайуға едәуір ықпал етпек, — дейді жаңа заңға қатысты пікірін білдірген облыстық мәслихат депутаты Мерей Қарт.
Жаңа заң мәтіні бойынша, ойын бизнесін ұйымдастырушылар ойын мекемелері мен жеке интернет-ресурстарында құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудың салдары мен зияны туралы ескерту орналастыруға міндеттелмек. Сондай-ақ ойын мекемелері, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар жұмысының жаңа үлгілік ережелері қабылданады. Ережелерде казино клиенттері мен букмекерлердің мүдделерін қорғайтын нормалар да көзделген.
Заң аясында Лудоманияға шалдыққан азаматтарды сауықтыруға қатысты бірқатар шара қарастырылған. Енді құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалтудың тәртібі белгіленбек. Мұндай адамдарды құпиялылықты сақтай отырып, ақыл-кеңес беру арқылы бақылауға алу тәсілі енгізілді.
Тағы бір өзгеріс — электрондық лотерея билеттері ресми интернет-ресурстарда немесе лотерея операторының мобильдік қосымшасы арқылы ғана сатылмақ. Осылайша, «Lotomatic» терминалдары мен лотоклубтардың қызметіне тыйым салынады. Лотерея билеттерін тұрғын үйлерде, жатақханаларда, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында, ғибадат үйлері мен ғимараттарында, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарынан жүз метр радиуста таратуға да шектеу қойылды. Аталған шаралар көшелерде лотерея ойындарына қатысушылар санын бірнеше есе қысқартпақ. Көшелерде тек классикалық лотереяны сататын нүктелер ғана қалады. Тағы бір айта кетерлігі, 21 жасқа толмаған тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуға осы заңмен тыйым салынды.
Психологтердің айтуынша, құмар ойынға ақыл-есі төмен адамдар емес, керісінше, жастайынан әр түрлі салада нәтижеге жеткен адамдар көбірек барады екен. Өйткені мұндай адамдар өзін «жолым болғыш» деп ойлайтын көрінеді. «Бір ай қиналып ақша тапқанша, бір сағаттың ішінде шылқып шыға келемін» деген ой туады. Сөйтіп, тәуелділікке түсіп қалғанын өздері де сезбейді.
— Лудоманияға іліккен адамның бірінші мінез-құлқы өзгереді. Бір сөзбен айтқанда, үнемі сіркесі су көтермей тұрады. Түн ұйқысы бұзылып, асқа зауқы болмайды. Тұйықталады. Бұл белгілер байқалған кезде мамандарға қарату қажет. Жақындары жанашырлық танытпаса, іс насырға шапты дей беріңіз. Құмар ойындардың ауруына шалдыққандардың басына неше түрлі ой келеді. Өзіне қол жұмсағысы келетін кездер де жиі болады. Сондықтан оларды міндетті түрде маманға көрсету керек. Олар адамның ішкі дүниесіндегі сезімдерді сыртқа шығарып, жұмыс істейді. Емделіп шыққаннан соң белгілі бір уақыттан кейін құмарлыққа қайта салынып кететіндер де болады. Сол үшін біз емделушілердің отбасын да оқытамыз,- дейді қаламыздағы жеке психологтердің бірі Гүлнұр Серікова.
Абай облысы Жастар ресурстық орталығының маманы Қуаныш Молдақашевтың айтуынша, облыстағы жастар ресурстық орталықтары жастар арасындағы лудоманияның алдын алу мақсатында 73 іс-шара ұйымдастырып, оған екі мыңға жуық жасты қамтыған. Жыл басынан БАҚ-та және әлеуметтік желілерде лудомания мен нашақорлықтың алдын алуға қатысты 445 ақпарат жарияланған.
Семей қаласында «Saulyq Life» эстафеталық сайысы, Бесқарағай ауданында «Жастарға бағыт» акциясы, Абай ауданында «Көңілді кеш» бейресми кездесулері өткізілген. Көкпекті ауданында «Жақындама» атты толықметражды фильм, Аягөз ауданында «Азартник» атты қысқаметражды фильм түсірілген.
Абай облысының ішкі саясат басқармасы «Жастар арасында түрлі тәуелділіктердің алдын алу» жобасын іске асыруда. Жоба аясында арнайы бейнероликтар дайындалып, жастар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Лудомания да нашақорлық, ішкілік сияқты бүгінгі күннің басты әлеуметтік мәселелерінің біріне айналды. Құмар ойындар адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратып қана қоймай, рухани тұрғыда да азғындатуда. Мұндай адамдар қоғамнан, отбасынан, туған-туыстарынан, достарынан алшақтап, өздерінің тұманды әлемдерінде өмір сүруде. Бастапқыда жеңіл ақшаға деген қызығушылықпен басталған құнығудың соңы орны толмас өкінішке апарып жатыр. Мұндай жандарды білікті мамандардың көмегінсіз қалыпты өмірге оралту қиын. Сондықтан бұл дертпен қоғам болып күресуіміз қажет. Балалар мен жастарға құмар ойындардың салдарын ерте бастан түсіндірген жөн.
Жадыра Төлегенқызы