Киберқылмыс бүгінде еліміздегі алаяқтықтың ең көп тараған түріне айналды. Интернет кеңістіктегі қызмет көрсету аясы кеңіген сайын бұл қылмыс түрі де қарқын алып, айла-тәсілі де түрленіп келеді.
Елімізде интернеттегі алаяқтық соңғы 7 жылда 10 есеге өскен. Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаевтың айтуынша, бұл қылмыстан келген залал – 21 млрд теңге. Жыл басынан бері үш жарым мыңнан аса интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл – жалпы қылмыстың 18 пайызы.
Мамандардың айтуларынша, онлайн сауда – киберқылмыстың ең қызған алаңы. Сауда-саттықта кездесетін алаяқтықтың әдісі кең және көбіне бірін-бірі қайталамайды. Тағы бір айта кетерлігі банктер мен микрокредиттік ұйымдарда жалған онлайн несиелерді тіркеу фактілері де азаймай отыр. Мұндай деректердің дені түрлі жобаларға – инвестиция, бәс тігу, ойынға және тағы да басқа ақшаны тиімді инвестициялау деген желеумен жасалған. Осыған орай Бородулиха аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғындарды күнделікті желілік алаяқтықтың қауіптілігі туралы ақпараттандырды. Халықты ең көп таралған алаяқтық схемалары мен қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғану жолдары жайлы ақпараттандырып, ақпараттық-профилактикалық үнпарақтар таратты.
Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»