Нашақорлық – адамзаттың қас жауы. Бүгінде дүние жүзі осы ғасыр дертінің алдын алу мақсатында түрлі шаралар қолданып, мәселені шешудің жолын іздеуде. Елімізде де нашақорлықпен күрес кешенді түрде жүргізілуде.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда облыста 5 мың науқас диспансерлік есепте тұр.
-Диспансерлік есепте тұрған 5 мың науқастың 350-і нашақор. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 науқасқа артық. Бұл өз еріктерімен біздің көмегімізге жүгініп келген науқастар. Өкінішке орай, есірткіге тәуелді болса да дер кезінде емделуге асықпайтындар аз емес. Біз есепке алған соң барлық құқық қорғау органдарында тіркелетіндіктен, жұмысқа орналасуға, көлік жүргізуге және басқа да жағдайларда есепте тұрғандықтары көлеңке түсіреді деген қауіппен емделуден бас тартады. Негізінен, бұл детке шалдыққандар 17-25 жастағы жастар. Бұл қауіпті дерт қолданушысын құрдымға кетіреді. Есірткіні тұтынған науқастар орта есеппен 15-20 жыл ғана өмір сүреді,- деді Семей қаласының Норкологиялық қызмет бөлімінің емхана меңгерушісі Рыскүл Балтабаева.
Жалпы Абай облысында маусым айындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған 5 бала наркологиялық диспансерде есепте тұр. Оның үшеуі оқушы болса, екеуі студент. Сондықтан, жастар арасында ғасыр дертінің алдын алу жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Осы орайда Бородулиха ауданының Жастар ресурстық орталығы аудандық полиция бөлімімен бірлесіп «Есірткіге жоқ дейміз!» акциясын өткізді. Акция барысында аудан орталығының жастары мен тұрғындарына есірткінің зиянды әсері және оларды қолданудың салдары туралы ақпараты бар бүктемелер таратылды. Мұндай іс-шаралар жастарға дұрыс таңдау жасауға және нашақорлық қаупін болдырмауға көмектесетініне сенім зор.
Айкөркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»