Ауданымыздың экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген. Тамылжыған табиғатымен, құнарлы топырағымен ерекшеленетін бұл өлкедегі диқандар егін егу науқанын аяқтауға шақ қалды. Өткен аптада аудандағы бірнеше шаруашылықта болып, егіс алқабындағы жұмыстармен танысып қайттық.
Бородулиха аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Маратбек Нұркешевтің айтуынша, 328,4 мың гектар алқапқа егін егіледі. Оның ішінде жаздық егіс 322,6 мың гектар.
Ауданның бас аграрийінің айтуынша, диқандар егін науқаны басталғанша қажетті техникаларын сайлап, тыңайтқыштар дайындап, тұқым сапасын уақтылы тексеріп, жанар-жағар майын әзірлеп алыпты. Нәтижесінде егін науқаны қызу жүргізілген.
Ауданда егін шаруашылығымен айналысатын ірі шаруашылықтардың бірі – Новопокровка ауылдық округінде орналасқан «Лина Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 1997 жылы жұмысын бастаған «Лина» шаруа қожалығы 2016 жылы ұсақ қожалықтармен біріктіріліп, жауапкерішілігі шектеулі серіктестік болып құрылған. Алғашында 100 гектар жерді өңдеумен айналысса, қазіргі күні 9 мың гектар алқапқа егін егеді.
— Қыстан бері дайындық жұмыстарын жүргізіп, ерте көктемде егін науқанына кірісіп кетеміз. Заманауи техникаларымыз жеткілікті. Техникаларымыздың 90 пайызы соңғы үлгімен жаңартылған. Секріктестікте 40 адам жұмыс істейді. Осы науқанда 9 мың гектарға арпа, бидай, күнбағыс, қарақұмық ектік. Озық техникаларымыздың, еңбекқор ұжымның арқасында егін науқанын аяқтадық,- дейді «Лина Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Юрий Ковязин.
Бұл шаруашылықпен танысқан соң осы округ аумағында орналасқан Анатолий Романовтың «Лада» шаруа қожалығында да болдық.
4 мың гектар алқапқа, оның ішінде 500 гектар жерге көп жылдық шөп, қалған 3500 гектарға арпа, бидай, күнбағыс еккен бұл шаруашылық та егін науқанын аяқтап, Жер-Анадан ырысын алуға ниетті.