Соңғы айлардағы қызылша ауруының көбеюі жоспарлы екпе алмаған балалар арқылы талданады. Осы орайда, біз Бородулиха ауданының бас санитарлық дәрігері Разия Бозаевамен қызылша дертінің асқынуы мен оның жергілікті халықтың денсаулығына тигізетін әсері жөнінде сұхбаттастық.
Сұхбатта инфекцияға ең осал популяциялар анықталып, белсенді вакциналауды қоса алғанда, балаларды қорғаудың шешімдері ұсынылады. Ауданда қызылша ауруының алдын алу бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің атқарып жатқан шаралары да қарастырылған. Эпидемияны жеңудегі басты мәселе ретінде халықты вакциналау туралы ақпараттандырудың маңызы атап өтілді. Сонымен қатар, Разия Бозаева жаппай егу жұмыстарын ұйымдастырудың алдында тұрған міндеттерге тоқталып, ауданда бұл үдерісті ойдағыдай жүзеге асыру үшін қосымша ресурстар қажеттігін алға тартты.
— Разия Мұратқызы, қызылша ауруы қаншалықты ауыр және оның халық денсаулығына қандай салдары болуы мүмкін?
— Қызылша – вирус тудыратын өте қауіпті жұқпалы ауру. Қызылша вирусы жұқтырған адам тыныс алғанда, жөтелгенде немесе түшкіргенде оңай таралады. Инфекция ауыр ауруға, асқынуға және тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
— Соңғы айларда қызылша ауруы неге көбейіп кетті?
— Еліміздің барлық өңірінде қызылша ауруы тіркелген. Аурудың артуына қызылшаға қарсы жоспарлы екпе алмаған балалар санының артуы себеп болды.
— Қызылша ауруына кім көбірек бейім және халықтың қай топтары вакцинаға мұқтаж?
— Кез келген адам қызылшамен ауыруы мүмкін, бірақ ол көбінесе балаларда кездеседі. Иммунитеті жоқ, вакцина алмаған немесе вакциналанған, бірақ иммунитеті қалыптаспаған кез келген адам жұқтыру қаупіне ұшырауы мүмкін. Вакциналанбаған жас балалар мен жүкті әйелдер қызылшаның ауыр асқыну қаупіне ұшырайды.
— Қызылша ауруының белгілері қандай?
— Қызылша тыныс алу жолдарын зақымдап, кейін бүкіл денеге таралады. Симптомдарға дене температурасының жоғарылауы, жөтел, мұрыннан су ағу және бөртпе жатады. Қызылша белгілері әдетте, вирус жұқтырғаннан кейін 10-14 күннен кейін пайда болады. Қызылшаның ең байқалатын симптомы – айқын бөртпе.
— Науқастарды анықтау және емдеу бойынша қандай шаралар жүргізілуде?
— Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің № 7 «Қызылшаға қарсы санитариялық эпидемияға қарсы және санитарлық профилактикалық іс-шаралар туралы» қаулысына сәйкес, осы жылдың 6 қарашасынан бастап 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларды қызылша, қызамық және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау басталады деп жоспарлануда. Ағымдағы жылдың 5 желтоқсанынан бастап 2 мен 4 жас 11 ай 29 күн аралығындағы балаларға екпе егу басталады.
Қызылшамен ауыратын науқастарды және осы ауруға күдікті адамдарды анықтауды медицина қызметкерлері жүргізеді. Қызылша инфекциясы ошағында болған науқастарды қызылшаға қарсы иммундауды бірінші науқас анықталған кезден бастап 72 сағаттан кешіктірмей жүргізу қажет. Белсенді вакцина профилактикасы қызылша ауруының құжатталған тарихы бар және қызылшаға қарсы 10 жылдан артық емес вакциналанған адамдарға жүргізілмейді. Құжатты дәлелдемелер болмаған жағдайда, қызылшаға қарсы байланыста болған адам егіледі.
— Ата-аналарға балаларын қызылшадан қорғау үшін қандай нақты қадамдар ұсынылады, әсіресе сырқаттанушылық көрсеткіші өскен кезде?
— Құрметті ата-аналар, сіздің балаларыңыз үшін иммундау өте маңызды, сіз балаларыңызды егу арқылы оларды қызылшадан қорғайсыз. Вакциналаудан бас тарту арқылы сіз балаларыңыздың денсаулығына қауіп төндіресіз. Әрбір вакциналанбаған балада пневмония және энцефалит сияқты асқынулар болуы мүмкін екенін есте сақтаңыз. Сондықтан балаларымыздың денсаулығын сақтау үшін қызылшаға қарсы екпе алуға шақырамыз. Қызылшаға қарсы бірден-бір тиімді алдын алу шарасы — уақтылы жоспарлы иммундау. Яғни, қызылшаға қарсы екпе алмаған немесе қызылшаға қарсы екпе алғаны немесе бұрын ауырғаны туралы сенімді ақпараты жоқ барлық адамдар вакциналануы тиіс. Қызылшаның алдын алу шараларына науқасты дер кезінде оқшаулау, науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар медициналық бақылауда болу керек, ауырған жағдайда, дер кезінде ауруханаға жатқызылуы (оқшаулау) тиіс.
— Бородулиха ауданында қызылша ауруының алдын алу және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет аясында қандай шаралар қабылданды?
— Бүгінгі таңда қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және қажетті шараларды қабылдау жұмыстары жалғасуда. Медицина қызметкерлері қызылшаның профилактикасы, клиникалық көрінісі, диагностикасы және емдеуі бойынша қайта оқытылды. Екпе алмаған балаларды анықтауға және вакциналауға бағытталған эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылды.
— Қызылшаға байланысты вакциналау және алдын алу шараларының маңыздылығы туралы халықтың хабардарлығын арттыру үшін қандай шаралар атқарылуда?
— Вакциналау арқылы бақыланатын инфекциялардың алдын алуда екпенің маңызы туралы халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Балаларды ауыр жұқпалы аурулардан қорғаудың бір жолы – вакциналау!
— Өткен жылдармен салыстырғанда аурудың жалпы динамикасы қандай және бұл жағдайдан қандай қорытынды жасауға болады?
— 2023 жылы аурушаңдықтың өсуін балалардың жоспарлы екпеден қалып қоюымен, сондай-ақ, оқу жылының басталып, ұйымдасқан топтардың құрылуымен байланыстыруға болады. Қызылша өте жұқпалы ауру болғандықтан, ауру көрсеткіші артып келеді. Сондықтан, оның алдын алу үшін профилактикалық екпелерге қатысты негізделген шешімдер қабылдау қажет.
Жалпы, әр адам өз денсаулығы мен баласының денсаулығы бей-жай қарамауы керек. Өзіңізді және жақындарыңызды қауіп-қатерге ұшыратпай, қажетті профилактикалық екпелерді дер кезінде алыңыз!
Ербол Темирбулатов