Тіл – халықтың асыл қазынасы, ең басты байлығы, айбыны мен абыройы. Еліміз өзінің азаттығын алғалы тіл мәселесі кеңінен талданып, таразыға салынып, отыз жыл өтсе де қоғамның өзекті мәселелерінің бірі болып тұрған жайы бар. Осынау отыз жыл ішінде қазақ тілі мемлекеттік тіл статусына ие болса да, кей мекемелерде өз деңгейінде қолданысқа ие бола алмай жүр. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халқына арнаған Жолдауларында қазақ тілінің мәртебесін көтеру елдігіміздің айнасы екеніне тоқталып келеді.
Тіл адамдардың қарым-қатынас құралы болғандықтан, ол сөйлеу әрекетінің арқауы саналады. Тіл – ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Адам тіл арқылы бір-бірімен қатынаса алады. Қазіргі таңда еліміз өзінің егемендігінің арқасында дербес мемлекет ретінде танылуда.
Мемлекеттік тіл – егемен еліміздің негізгі арқауы. Кез келген өркениетті елдің өзінің рәміздері, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіл де мемлекеттігіміздің негізгі атрибуттарының бірі. Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – ол қазақ тілі» деп жазылған.
Міне, осы орайда, еліміздің әрбір азаматы Ата Заңымыздың талаптарын орындап, әрбір ұлттың тіліне құрметпен қарауы қажет.
Туған тілім тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы
Өссе тілім, мен де бірге өсемін
Өшсе тілім мен де бірге өшемін,
— деп ақындарымыз жырлағандай, тіл қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдыретті екенін айтуымыз парыз.
Қазақстан халқының тілдері күні 2018 жылға дейін 22 қыркүйекте аталып өтетін. Алайда, 1998 жылдың 20 қаңтарынан бастап 22 қыркүйекте атап өтілетін мереке 2017 жылғы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысымен 5 қыркүйекке ауыстырылған болатын. Атаулы датаның өзгеруіне «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланыстыру себеп болды. Бүгінгі таңда барша қазақстандық қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде тілдер мерекесін тойлауды дәстүрге айналдырды. Үкімет қаулысымен осымен алтыншы жыл мерекелік дата 5 қыркүйекте тойланып келеді. Осы мереке аясында бір айлық уақыт аралығында ауданымызда түрлі іс -шаралар өткізіліп жатыр.
22 қыркүйек күні аудандық Мәдениет үйінде Бородулиха ауданының 95 жылдық мерейтойы аясында «Бір шаңырақ астында» атты тілдер күніне арналған фестиваль өтті.
Алғашқы құттықтау сөз Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары Мағжан Табылдинға берілді.
— Тіл — адамдарды, халықтарды жақындастыратын ерекше құрал болғандықтан, біз оны мемлекет бірлігінің, достықтың құралы ретінде жоғары бағалауымыз қажет. Осы айрықша күннің Алаш арысы, ұлт ұстазы, көрнекті ақын, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келуі — оның дара тұлғасына көрсеткен құрметтің ең биік белгісі. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің тағдыры үшін тар жол тайғақ кешуден өткен, қазақ әліппесі мен графикасының, құрылымы мен емлесін жазып, ұрпаққа мұра етіп қалдырған ұлы тұлға. Сіздерге және сіздердің жақындарыңызға зор денсаулық, бақыт, бейбітшілік, амандық, ал барлығымызға — Отанымыз үшін табысты болашақ тілеймін, — деді аудан әкімнің орынбасары.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қосқан елеулі үлесі мен адал қызметі үшін Новопокровка ауылдық округіндегі М.О. Әуезов атындағы орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсел Ықыласова Ғылым және жоғары білім министрінің Алғыс хатымен маратпатталды.
Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай, ұлттар арасындағы достықты, ынтымақтастықты, тіл саясатын нығайтуда қосқан үлестері үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен «Родник» орыс этномәдени бірлестігі, «Ляйсан» татар этномәдени бірлестігі, «Веросы» белорусь этномәдени бірлестігі, «Смерічка» украин этномәдени бірлестігі марапатталды.
Сондай-ақ ауданда мемлекеттік тіл саясатын өркендетуде елеулі үлес қосқаны үшін аудан әкімінің грамотасымен аудандық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гүлнәр Сәдуақасова және аудандық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Данияр Мұрат марапатталды.
Фестиваль аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласып, көрермендер әсем ән мен күмбірлеген күміс күй тыңдап, жалынды жырмен сусындады.
Серік ТЛЕКҰЛЫ