Еліміздің және шетелдердің архив қорларындағы құжаттық дереккөздер қазақстандық қоғамның ұлттық мәдениетін сақтауға, қоғамдық санасын жаңғыртуға ықпал етеді.
Архив — өткен, қазіргі және болашақ көкжиектерін байланыстыратын платформа. Себебі архивте елдің, жекелеген аймақтың одан әрі дамуына ықпал ететін белгілі бір тарихи фактіні растауға болады. Тіпті қазір архивтік құжаттарды насихаттау бойынша қандай да бір іс-шаралар өткізе отырып, біз бүгінде өткенді пайдалана отырып, оны болашақ ұрпақтың игілігі жолында одан әрі дамыту үшін зерделейміз.
Еліміздің архив мекемелері ұлттық бірегейлікті тәрбиелеудің негізгі көзі саналатын Ұлттық архив қорының құжаттарын белсенді пайдаланады және насихаттайды. Еліміздің мемлекеттік архивтері архивтік құжаттар негізінде жыл сайын 5 мыңнан астам, оның ішінде мектеп оқушылары мен орта арнаулы және жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуымен ақпараттық іс-шара өткізеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қазақстандықтарға арнаған Жолдауларының бірінде 2022 жылды балалар жылы деп жариялады, ол Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 19 қаңтардағы Жарлығымен бекітілген.
Ел Президенті балаларға ерекше назар аудару керектігін атап өтіп, балалардың әл-ауқаты мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі болып табылатынын атап өтті.
Президенттің 2022 жылғы 19 қаңтардағы № 780 «Балалар жылын жариялау туралы» Жарлығы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 20 наурыздағы № 148 «Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулысын іске асыру шеңберінде Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті «Архив және болашақ ұрпақ» жобасын өткізуге бастамашылық жасайды.
Жобаның негізгі идеясы жыл сайын 21 қыркүйекте бүкіл ел бойынша мемлекеттік архивтердің түрлі жастағы балаларды кеңінен қамтитын іс-шаралар кешенін өткізуінде жатыр.
Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Бородулиха ауданының мемлекеттік архиві» 22 қыркүйекте «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында Ашық есік күнін өткізді. Айта кетейік, еліміздің мұрағаттарында 26 миллионға жуық түрлі құжат сақтаулы, оның ішінде мемлекетіміздің тарихи негіздері мен оқиғаларын куәландыратын аса құнды деректер бар. «Архив және болашақ ұрпақ» жобасының мақсаты — өскелең ұрпақтың отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, архивтегі құжаттардың маңызын түсіндіру. Мұндай іс-шара республика көлемінде осымен екінші рет ұйымдастырылып келеді.
Іс-шарада Бородулиха колледжі және Ә. Бөкейхан атындағы қазақ орта мектебінің оқушыларына тақырыптық экскурсиялар өткізілді. Іс-шараға ауданның құрметті азаматы Арғымбаева Жұмағайша Алпыспекқызы шақырылды. Жұмағайша Алпыспекқызы бұрын Бородулиха ауданының мемлекеттік архиві директоры болып қызмет етті.
– «Архив және болашақ ұрпақ» атты бағдарлама аясында республика бойынша жүріп жатқан Ашық есік күні бүгін біздің облысымызда да өткізіліп отыр. Бұл жоба республиканың барлық өңірінде 21 қыркүйек күні басталды және жыл сайын өткізіледі. Біздің басты міндетіміз – жастарымызға архивтің не екенін, мұнда қандай құжаттар сақталатынын кеңінен түсіндіру. Сондай-ақ, өскелең ұрапаққа архив қорындағы құжаттардан өңір тарихына қатысты мәлімет беріп, туған өлке тарихын сүюді және білуді насихаттау үшін ұйымдастырылды, – деді архив директоры Айдын Құдайбергенов.
Сонымен қатар, архив директоры Айдын Құдайбергенов құжаттардан жасалған көрмеде өңір тарихының рухани, мәдени және материалдық мұрасы болып табылатын жүздеген құнды құжат сақталғанын айтып, мекеме жұмысымен таныстырып өтті.
– Біз болашақ ұрпаққа өңір тарихынан архив көрмелері арқылы деректер беретін боламыз. Сонымен қатар, архив құжаттары негізінде дайындалған саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған көрмелерді ұсынып, оған қоса, «Архив-2025» бағдарламасы негізінде шетел архивтерінен әкелінген аса құнды құжаттардан құралған көрмені таныстырамыз. «Архив ісінің маңызы», «Отанына оралған тарихи құжаттар», «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» атты тақырыптағы көрмелерге экскурсия жасалады, – деді архив басшысы.
Айта кетейік, аталған іс-шара барысында оқушылар мен студенттерге «Туған өлке тарихын біл» тақырыбы аясында сұрақтар қойылды.
Ербол Темирбулатов